2023 жылдың 20-21 қаңтар аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Университет ғылымының дамуы – Қазақстанның инновациялық дамуының қажетті алғышарттары» атты ғылыми-тәжірбиелік  конференцияның іс-шараларын өткізу аясында көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Қазақстандық университеттер ғалымдарының әзірлемелері қойылды.

Көрменің  негізгі  миссиясы – инновациялық  әзірлемелерді  өндіріске одан әрі енгізуге жәрдемдесу және ғылыми қызметтердің әлемдік бәсекеге қабілетті нарығында университеттердің жетекші позициясын ілгерілету мақсатында университеттердің ғылыми-инновациялық қызметінің жетістіктерін  көрсету  болып табылады. Көрмеде білім беру әдістемесінен бастап өнеркәсіптік өндіріске дейінгі әртүрлі бағыттардағы  инновациялар ұсынылды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстандық ғалымдардың өнертабыстар көрмесінде болды. Министрдің айтуынша, өнертабыстар  инвестиция салу  үшін жақсы  іргетас  бола алады. Ол сондай-ақ инвесторларды «Ғылым және бизнес» симбиозына белсенді қатысуға және еліміздің инновациялық экономикасының дамуына ықпал ететіндердің алдыңғы қатарларынан орын алуға шақырды.

С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті «Университет  ғылымының дамуы – Қазақстанның инновациялық дамуының қажетті алғышарттары» атты ғылыми-тәжірбиелік конференцияның іс-шараларын  өткізу  аясында ұйымдастырылған көрмеде өз ғылыми әзірлемелерін алға тартты. Бұл тұрғысында, м.ғ.д., профессор С.С. Жолдыбаев импульстік режим негізінде дәрілік заттарды инвазивті емес енгізуге арналған импульстік электро-депофорезге арналған физиотерапиялық аппаратты көрсетті. Сонымен қатар, профессор С.С. Жолдыбаев  тістің  қатты  тіндерін  атравматикалық  препараттауға  арналған «Стоматологиялық абразивті құрал» атты өнертабысымен таныстырды.

Фармацевтикалық технология кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Г.О. Устенова мақсары сығындысынан жасалған күннен қорғайтын кремді көрсетті, кремнің құрамында қазақстандық «Ақ Май»  түріндегі  мақсары  гүлдерінен  алынған сығындыда биологиялық белсенді заттар бар.

Фармацевтикалық және токсикологиялық химия, фармакогнозия және ботаника кафедрасының доценті, ф.ғ.д., А.К. Бошкаева «Бромасфен» және «Бактериялық пенициллинацилаза: фермент алу технологиясы» фармацевтикалық субстанцияларының өндірісін көрсетті.

Құбырлы сүйектер мен жамбас сақинасының сүйектерін жеке 3D қалпына келтіру жобасы Ғылым және жоғары  білім министрінің ерекше қызығушылығын  тудырды. Оның жетекшілері: м.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі Қайдарова Диляра Радиковна, м.ғ.к. (ҚазОРҒЗИ) Серикбаев Гани Амангелдиевич.  Қазақстанда  құбырлы сүйектер мен жамбас сақинасының сүйектері  3D  реконструкциялауды алғаш рет 2022 жылы Қазақ онкология және радиология  ғылыми-зерттеу институтының  сүйектердің,  жұмсақ тіндердің және меланомалардың ісіктері орталығында онкохирургтар бастаған болатын.

ҚР  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атап өткендей,  «Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің мақсаты жаһандық еңбек нарығы жағдайында тиімді жұмыс істей алатын жаңа формациядағы кадрларды даярлау болып отыр. Қазақстан елді халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялау бойынша мақсатты жұмыс жүргізуде».