Санжар Жапарұлы Асфендияров (1889-1938)
Санжар Жапарұлы Асфендияров 1889 жылы 20 қазанда Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкентте дүниеге келген. С.Ж.Асфендияров 1907 жылы жаратылыстану, математика пәндерін тереңдете оқытатын Ташкенттегі реалдық училищені бітірді. 1907-1912 жж. Санкт-Петербургтегі Әскери- медициналық академияда оқыды. С.Ж.Асфендияров – тұңғыш қазақ дәрігерлерінің бірі. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майданда әскери дәрігер қызметін атқарды. 1919-1925 жж. Ташкентте басшылық лауазымдарды атқарды:
1) 1919-1920 жж. – Түркістан АКСР-ның Денсаулық сақтау халық комиссары;
2) 1921-1922 жж. – Түркістан АКСР-ның Жер ісі халық комиссары;
3) 1923-1924 жж. – Түркістан АКСР-ның Денсаулық сақтау халық комиссары.
1927-1928 жж. Мәскеуде Н.Н.Нариманов атындағы Шығыстану институтының директоры қызметін атқарды. Мәскеу Мемлекеттiк университетiнiң профессоры атағына ие болды.
Қазақстанда 1928 жылы Қазақ педагогика институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогика Университеті) қайтадан құрылуына атсалысты. 1929-1931 жж. Қазақ педагогика институтының директоры және тарих кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.
С.Ж.Асфендияров Алматы медициналық институтының (қазіргі Қазақ Ұлттық Медицина Университеті) ұйымдастырушысы және тұңғыш ректоры (1931-1933 жж.) болды. С.Ж.Асфендияров институтта жалпы химия, биология, физика пәндерімен бірге анатомия, физиология, ішкі аурулар, гистология, микробиология, фармакология, биологиялық химия, гигиена бөлімдерін және хирургия кафедрасын ашты. С.Ж.Асфендияров жұқпалы аурулардың алдын-алу шараларына, халыққа ақысыз дәрігерлік көмек көрсету жұмыстарын жолға қойды. Халық арасында жиі кездесетін өкпе (құрт ауруы), шешек, оба, сүзек, тері ауруларына қарсы медициналық көмек ісін жандандырды.
Санжар Жапарұлы ана тілінен басқа орыс, ағылшын, француз, неміс, латын және шығыс халықтарының тілдерін еркін меңгерген.
Ғылыми еңбектері: «Қазақстан тарихы» (1935 ж.), «Причины возникновения ислама» (Самарканд – Ташкент, 1928 ж.) және 1935-1936 жж. П.А. Кунтемен бірігіп жазған «Прошлое Казахстана в источниках и материалах» екі томдық еңбек, «Национально-освободительное восстание 1916 года в Казахстане» монографиясы (1936 ж.).
С.Ж.Асфендияров 1937 жылғы тамызда Мәскеуде тұтқындалды. Алматыға ауыстырылып, изоляторда уақытша қамалды. 1938 жылдың 25 ақпанында Алматы қаласында КСРО Жоғарғы соты коллегиясының көшпелі сессиясының үкімі бойынша ату жазасына кесілді.
КСРО Жоғарғы сотының шешімімен С.Ж.Асфендияров 1958 жылдың 26 – мамырында ақталды.
1989 жылдың 11-қаңтарында Алматы медицина институтына (қазіргі Қазақ Ұлттық Медицина Университеті) С.Ж.Асфендияровтың есімі берілді. Тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Алматы қаласының бұрынғы Набережная көшесі 1962 жылдан бастап С. Ж.Асфендияров есімімен аталады.
С.Ж. Асфендияров туралы деректі фильм